Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты https://t.co/RKK8mFBKmP pic.twitter.com/0X2xPZwL01
— President Kassym-Jomart Tokayev’s Press Office (@AkordaPress) November 23, 2022
Жаңалықтар
Халықаралық қоғамдастық
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты
2022 жылғы 23 қараша
Армения, Ереван қаласы
Мемлекет басшысы Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның төрағалығымен өткен саммитке Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, кезектен тыс өткен Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтаған жиынға қатысушыларға алғыс айтты.
– Қазақстанның аймақтағы одақтастарымен және серіктестерімен арадағы достықты, тату көршілікті және өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жөніндегі стратегиялық бағыты өзгермейтінін атап өткім келеді. Біз алдағы уақытта да сіздердің мемлекеттеріңізбен екіжақты және көпжақты форматтағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін сақтауға күш саламыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді. Ұйымға мүше елдер басшыларының қорытынды кездесуі күрделі геосаяси қайшылықтар мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын айтты.
– Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Президент армян-әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдады.
– Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне бәріміз де мүдделіміз. Ресей тарапының бітімгерлік әрекеттері армян-әзербайжан қақтығысын тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге және екі жақтың бейбіт келісімге қол қоюына мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды.
– Бұл мемлекеттегі жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге шақырды.
– Украина мәселесіне келер болсақ, бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Кез келген соғыс бейбіт келіссөзбен аяқталады. Бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек. Ыстанбұлдағы келіссөз раунды үміт сыйлаған еді, бірақ түрлі себептермен келісім іске аспады. Ондаған, жүздеген жылдарға созылатын өкпе-реніштен бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұйым аясындағы іс-әрекетті одан әрі дамытуға байланысты бірқатар ұсыныс айтты. Соның ішінде ҰҚШҰ-ның бітімгерлік әлеуетін дамыту мәселесін жуық арадағы басымдық ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе армян тарапына және Никол Пашинянға ҰҚШҰ төрағасы ретіндегі табысты жұмысы үшін алғыс айтып, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың 2023 жылы атқаратын төрағалығына сәттілік тіледі.
Сессия қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.
Жоспарланған ротация аясында мемлекеттер басшылары Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетовті 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдады.
Кері қайту Кері қайту
kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-ukshu-uzhymdyk-kauipsizdik-kenesinin-sessiyasyna-katysty-2310530
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты https://t.co/RKK8mFBKmP pic.twitter.com/0X2xPZwL01
— President Kassym-Jomart Tokayev’s Press Office (@AkordaPress) November 23, 2022